Хабар телеарнасы

Шығыстағы көршімен серіктестік дамиды

Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 30% өсіп, 31 миллиард доллардан асқан. Ал биыл контейнерлік тасымалдау көлемі 3 есе өсіп, инвестициялар көлемі 14,5 миллиард долларға жеткен. Екі елдің стратегиялық әріптестігін дамыту серпіні жоғары. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо кездесуінде сөз болды. Елшінің айтуынша ауқымды экономикалық өзгерістер нәтижесінде 2029 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнімін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік бар. Өзара саудадағы шектеулерді жойып, әкімшілік кедергілерді алып тастау және кедендік рәсімдерді оңайлату жолдары қаралды. Сондай-ақ «Бақты-Тачэн» жаңа теміржол бекетін салып, Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін кеңейту көзделіп отыр. Оған қоса жолаушылар рейстерінің санын арттыру жайы қаралды. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Қазақ-қытай бірлескен жобалары жоғары технологиялық кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Еліміздің аумағында 3 000 бірлескен компания жұмыс істеуде. Бұл екі елдің бизнес қауымдастықтары серіктестігінің тұрақтылығы мен өнімділігін көрсетеді.

Чжан Сяо, ҚХР Қазақстандағы елшісі:
-Біз Қазақстан Президенті жариялаған ауқымды экономикалық өзгерістер бағдарламасын жоғары бағалаймыз. 2029 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өндірісін екі есеге ұлғайту жөніндегі биік мақсатқа қол жеткізуге әбден болады деп санаймыз. Қазірдің өзінде екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсы дамып келеді.