Хабар телеарнасы

Өзбекстан су технологиясы жабдықтарын жасауды жолға қойды

Өзбекстан кейінгі 4 жылда су технологиясы жабдықтарын жасауды жолға қойды. Жергілікті өндіріс импорттың біршама бөлігін ығыстырған. Шаруалар керек-жарағын бұрынғыдай алыс шетелден әкеліп жатқан жоқ.

Ол аз дегендей, күнгейдегі көршіміз тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін көптеп енгізіп жатыр. Таяуда ғана мемлекеттік құрылымдар су үнемдеудің төтенше режиміне көшкенін хабарлады.

Ташкент облысына қарасты жылыжай шаруашылығының жетекшісі Асқар Асланов 12 гектар аумақта қызанақ өсіреді. Ол кәсіп бастаған уақыт, яғни өткен жыл елдегі энергия ресурстарының тапшы кезеңімен тұспа-тұс келген. Мұндай шаруашылықтарға қазір үкімет тек жер астынан шығатын тіршілік нәрін пайдалануды міндеттейді. Ал табиғи газ тұтынуға мүлде тыйым салынған.

Асқар Асланов, жылыжай шаруашылығының басшысы: 
- Қазір үнемдеу технологиясы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Алдымен бірнеше тонналық ыдысқа суды жинап аламыз. Сосын арнайы құбырлар арқылы өсімдік тамырына жеткіземіз. Әдетте қызанақ үшін 1 гектар аумаққа 1 тонна тіршілік нәрі қажет болса, біз соның жартысын пайдаланып отырмыз.

Технологияның негізі шетелден әкелінген. Кей жабдықтары мен керек-жарағын жергілікті кәсіпорын шығарып жатыр.

Вадим Соколов, гидротехника инженері: 
- 2020 жылы тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын өзімізде әзірлей бастадық. Сонау Израильден импорттаудың орнына керек-жарағы осы жерде шығарылып жатыр. Соңғы 3 жылда өндіріс қалыптасты. Жылына 300 мың гектарды қамти алады.

Жалпы Өзбекстанның ирригациялық жүйелерінде жыл сайын 14 млрд текше метр су ысырап болады. Бұл тым жоғары көрсеткіш. Кей бөлігі еш кәдеге аспай, топыраққа сіңіп не буға айналып жатыр. Мәселені шешу үшін мемлекет биыл су үнемдеудің төтенше режиміне көшті. Жыл соңына дейін 1,5 мың, одан кейін 2 мың шақырым арна бойына бетон құю жоспарланып отыр.

Рауан Мыңбаев, тілші:
- Ғалымдардың айтуынша, Өзбекстанның су тұтыну көлемі Израиль, Иордания сынды елдермен салыстырғанда екі есе көп. Орташа есеппен гектарына 10 мың текше метр. Жағдай 2030 жылға дейін түзелуі мүмкін. «Осы күні елдегі суармалы жер көлемі 4 млн асса, соның 1 млн тіршілік нәрін үнемдеу жабдығымен жарақталған», - дейді жергілікті мамандар.

Рауан Мыңбаев