Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы $20 млрд жетпек

Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы таяу жылдары 20 миллиард долларға жетпек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелламен келіссөзден соң мәлімдеді. Мемлекет басшысы Италияны Еуропа Одағындағы сенімді серіктесіміз дей келе, байланысты бекемдей түсуі тиіс салаларды атады. Президенттің пайымынша, Қазақстан мен Италия экономикалық қана емес, мәдениет пен туризм саласындағы серіктестікке баса мән беруі керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз.

Серджо Маттарелла, Италия Президенті:
-Жоғары деңгейде өтіп жатқан бүгінгі сапар Қазақстан мен Италия арасындағы кең ауқымды ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға екі тараптың да мүдделі екенін білдіреді. Біздің ықпалдастығымыз мәдениет, экономика, саясат секілді түрлі бағыттарды қамтиды. Біз осы қарым-қатынасты дамытуға ниетті екенімізді нақтылағым келеді.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен Италияның ENI компаниясы жалпы қуаты 247 MBт болатын гибридті электр станциясын бірігіп салмақ. Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары барысында бүгін тараптар осындай келісімге қол қойды. Италия Министрлер Кеңесінің Төрағасы Джорджа Мелонимен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Қазақстан экономикасына қаржы құятын ең ірі инвесторлардың бестігіне кіретінін атап өтті. Елімізде 300-ден астам итальян компаниясы жұмыс істеп жатыр. Екі елдің арасында экономикалық қана емес, мәдени байланыстар жақсы орнаған. Мысалы, былтыр Алматы қаласында Италия халқының мәдениет институты ашылды. Президенттің пікірінше, енді білім беру мен туризм төңірегіндегі алыс-беріс, барыс-келісті көбейту керек. Кездесу соңында тараптар, бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Соның бірі - екі елдің Мәдениет министрліктері арасында бекітілген өзара түсіністік туралы меморандум. Сондай-ақ екі елдің Үкіметтері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісімге қол қойды.