Хабар телеарнасы

Ауғанстанның Герат өңірінде қайта жер сілкінді

Қуаты 6,3 баллға жеткен зілзала ошағы Герат қаласынан 28 шақырымда болған. Алдын-ала мәлімет бойынша, 80 адам жарақат алды. Лай көшкіні Герат пен Торгонди қалаларын байланыстыратын негізгі күре жолды басты. Сондай-ақ өткен зілзаладан дін аман қалған Чахак елді мекенінде барлық 700 үй қираған. Халықтың көбісі малынан айырылды. Бір адам қаза тапқаны хабарланды. Алайда құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін. Сенбіде болған жойқын зілзаладан кейін жергілікті тұрғындар дүмпулердің қайталануынан қауіптеніп, саздан салынған үйлерінен аулақ жүр. Еске салып кетейік, сол кезде 2,5 мыңдай адам опат болды. Ал кеше кешке Герат өңіріне қазақстандық құтқарушылар жетті. Күн батқанына қарамастан, бірден жұмысқа кірісіп кетті. Жергілікті билік, тәжірибесі мол біздің мамандарымызға ең қиын бөлікті тапсырды. Тап осы жерде ең көп адам із-түссіз жоғалып кеткен.