+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Өзбекстанда қазақ мектебін бітірген жастардың ЖОО-ға түсу мүмкіндігі молайды

  • Категория: Әлемде
Өзбекстанда қазақ мектебін бітірген жастардың ЖОО-ға түсу мүмкіндігі молайды

Өзбекстанда қазақ мектебін бітірген жастардың жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі молайды. Бұған дейін тек 5% студент атана алса, қазір біршама көбейген.

Қаракөздер былтырдан бастап мемлекеттік емтиханды қазақ тілінде тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл бағытқа арнайы жеңілдіктер жасалады.

Қазақтың қара домбырасымен күмбірлете күй төгіп отырған өрендер мектеп қабырғасында білім алып жүр. Қанаттары қатая қоймаған. Бірақ түп-тамырын біледі. Болмысынан домбыра шертіп үйренгендіктен, ұлттық аспапты ерекше құрметтейді.

Тынышкүл Мұсабекова, мектеп оқушысы:

- Маған Құрманғазының «Адай» күйі ұнайды. Абай ағайым үйретті. 2-сыныптан бері білемін.

Ұлы ақын Абайдың әдебиетінен де қандастар алыстаған жоқ. Екі ұлттың арасындағы берік байланыс, рухани достықтың арқасында Өзбекстанда 361 қазақ мектебі жұмыс істейді. Мәдениет ошақтарында үйірмелер ашылған.

Абай Әбдіразақов, Мәдениет үйінің оқытушысы:

- «Балдәурен» мен оқушы кезде бар болатын. Содан бері жалғастырып келемін. Ол кезде мен де «Балдәуренде» өнер көрсеткенмін. Қазір өзім ұстазбын. Балаларды тәрбиелеп жүрмін.

Алайда мемлекет егемендік алып, дербестік орнағаннан кейін Өзбекстандағы қазақ жастарының жоғары білім алу мүмкіндігі азайды. 90-шы жылдарда бұл елде ана тілімізде оқытатын 500-ден астам мектеп болса, осы күні төрттен бірі жабылып қалды. Университеттер қазақ мектебін бітірген балалардан емтиханды тек мемлекеттік тілде қабылдаған. Ал 2017 жылы биліктің ауысуымен жағдай өзгерді. Емтиханды қазақ тілінде тапсыруға жол ашылды.

Серік Үсенов, республикалық қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Өзбекстан Республикасы қазақ тілінде тест тапсыруға үлкен мүмкіндік берді. Өткен жылдары 15% оқуға түсетін болса, қазір 23% жетті. Енді биыл 30% бала жоғары оқу орнына түсе алады.

Жалпы Өзбекстанда жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі Кеңес Үкіметі кезінен өзгермеген. Талапкерлер кешенді емтихан тапсырмайды. Бір ғана оқу орнын таңдап, сол жердің сынағынан өтуге тиіс. Бертін келе мұндай жүйе жеңілдей бастады.

Баршын Өтеулиева, студент:

- Мен алғаш тәлімімді Тамды ауданында алдым. Сол жердегі қазақ мектебінде тәлім алып, алғаш шығармашылығымды бастадым. Науаи мемлекеттік педагогика институтына қазақ тілі факультетіне түстім.

Ерхан Мархабаев, студент:

- Өрісінде төрт түлігі аралас, қойы жатыр бір-біріне қоралас. Бабам салған баяғы із өшпейді. Тату болсаң, ешбір дұшпан жоламас. Нұрота, Қызылқұм өңірлерінде талай бабамыз қалған.

Ақжол Ерназаров, студент:

- Жастарға көп мүмкіндік беріліп жатыр. Соның бірі – 68 балмен оқуға түсу жеңілдігі. Соны пайдалана отырып, студент атану бақыты бұйырды.

Қазына Шаймаханов, студент:

- Бір талапкер 5 жоғары оқу орнына тапсыра алады. Осы мүмкіндіктің арқасында қаламызда тәлім алып жатқан студенттер көп.

Қазақстандық жоғары білім беру жүйесі Орталық Азияда озық саналады. 2017 жылдан бері Қазақстан 50 мыңнан астам өзбекстандыққа жоғары білім берді. Соның аясында Отанға оралған қандастар да жетерлік.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов

Сондай-ақ...