Хабар телеарнасы

Ұлыбританияда маймыл шешегін жұқтырғандар көбейді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары осылай дейді. Ал Ұлыбританияда инфекцияны жұқтырғандар саны тағы артты. Корольдік Еуропа елдері арасында көш бастап тұр.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Испания, Португалия, АҚШ және Австралияда вирус жұқтырғандар саны артып жатыр. Тізімді Шотландия мен Дания елдері толықтырды. Жалпы әлемде инфекцияның 100-ге жуық жағдайы тіркелген. Англияда індетке шалдыққандардың 36 жаңа жағдайы анықталып, Ұлыбританиядағы жалпы саны 57-ге жетті. Лондонның Челси ауданында орналасқан клиниканың 10-ға жуық қызметкері оқшаулануға мәжбүр болған. Солтүстік Ирландия мен Уэльсте инфекция әлі ресми түрде тіркелген жоқ.

Розамунд Льюис, ДДСҰ Шешекпен күрес бөлімінің басшысы:

- Маймыл шешегінің негізгі белгілері: теріде бөртпе пайда болады, дене қызуы көтеріліп, әлсіздік сезіледі. Егер сіз осы белгілердің бірін байқап алаңдасаңыз, дәрігерге хабарласыңыз. Оқшауланып, басқа адамдармен араласпаған жөн.

Мамандар инфекцияны жұқтырғандардың едәуір бөлігі гомосексуалдар мен бисексуалдар екенін айтады. Яғни осы уақытқа дейін бірдей жыныстылардың жыныстық қатынасқа түсуі арқылы тарап келген. «Бірақ қоғамдық орындарда да ауруға шалдығу қаупі жоғары», - дейді дәрігелер. Олар вирус туралы ақпарат әзірге аз болғандықтан, мейлінше сақтанып жүруге шақырады.

Сэм Аллен, Корольдік дәрігерлер колледжінің факультет деканы:

- Бұл вирус қоршаған ортаға тез бейімделе алады. Егер науқас адам жөтеліп немесе түшкірген жерлерде тамақтансаңыз және ол пайдаланған заттарды қолдансаңыз, вирус жұғуы мүмкін.

Жағдай Еуропада бақылауда және үлкен қауіп төндірмейтінге ұқсайды. Бірақ Африка елдерінде кең таралуына жол берілмеуі керек. Мамандар үкіметтерді шешекке қарсы вакцина қоры жеткілікті екеніне көз жеткізуге шақырды. Өйткені ол маймыл шешегіне де қарсы тұра алады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы