+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Ұлыбритания экономикалық дағдарысқа қарсы 38 жаңа заң жобасын жариялады

  • Категория: Әлемде
Ұлыбритания экономикалық дағдарысқа қарсы 38 жаңа заң жобасын жариялады

Ұлыбритания экономикасын дағдарыстан алып шығуға бағытталған 38 жаңа заң жобасы жарияланды.

Парламент сессиясының ашылуында бұл туралы әдеттегідей Елизавета ІІ патшайым емес, оның ұлы Чарльз ханзада мәлімдеді. Патшайым дәстүрлі салтанатты шараға неге қатыспады? Жаңа заң жобасы нені қамтиды?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Патшайым Елизавета ІІ 96 жаста. Соңғы уақытта оның еркін жүріп-тұруы қиындаған. Сондықтан монарх парламент сессиясының ашылуына биыл қатыса алмады. «Бұл – 59 жылдан бері болмаған жағдай», – дейді тарихшылар. Бұған дейін патшайым аяғы ауыр болған уақытта ғана қалыс қалыпты. Үкіметтің заңнамалық жоспарын бұл жолы Чарльз ханзада жария етті. Бұл шара – салтанатты рәсім ғана. Бірақ монархия үшін өте маңызды. Өйткені биліктің үш тармағының, яғни Патшаның, Британ парламентіндегі Лордтар мен Қауымдар палатасының бірлігін айшықтайды. Дәстүрдің бес ғасырлық тарихы бар. Тақ иесінің сөзін үкімет жазып, премьер-министрдің кеңсесі бекітеді. Монарх оған өзгерістер енгізе алмайды және жазылғанды айна-қатесіз оқып беруі тиіс.

Чарльз ханзада:

- Жоғары мәртебелі Патшайымның үкіметі экономиканың өсуі мен нығаюына және өмір сүру деңгейін жоғарылатуға басымдық береді. Мәртебелі Патшайымның министрлері көшелерді қауіпсіз ету үшін полицияға қолдау көрсетуді және коронавирустың салдарынан кенже қалған Ұлттық денсаулық сақтау қызметін қаржыландыруды жалғастырады.

Тұтынушыларды қымбатшылық қыспас үшін электр энергиясының құнын ұстап тұруға бағытталған заң жобасы жария етілді. Бұдан бөлек өмір сүру деңгейін арттыру туралы жоспарға сәйкес үкіметке әлеуметтік теңсіздікпен күрестегі жетістіктері туралы есеп беріп отыру міндеттелді.

Биліктің жоспарларына көңілі толмағандар да табылды. Кәсіподақтар жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралардың жоқтығына наразы болса, оппозициялық партия үкіметтің қымбатшылықпен күрес стратегиясын сынға алды.

Кир Стармер, лейборшылар партиясының көшбасшысы:

- Инфляция деңгейі 7% жетіп, одан да жоғары өсіп жатыр. Коммуналдық төлемақылар жүздеген фунтқа қымбаттады. Бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасы аспандап кетті. Жалақысының бұрынғыға қарағанда тез таусылып жатқанын халық байқап жатыр. Үкімет бұл мәселелерді шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаса болады ғой.

Украинаны қолдауды жалғастыру дау тудырмаған тақырыптардың бірі болды. Ұлыбритания Украинаға 1,3 миллиард стерлинг фунты көлемінде әскери көмек көрсетпек. Бұл Лондонның бұған дейін мойнына алған міндеттемесінен екі есе көп.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Сондай-ақ...