Хабар телеарнасы

Қасымов Зиядос Қасымұлы (1918-1977 жж.)

Қасымов Зиядос Қасымұлы (1918-1977 жж.)

Менің әкем Қасымов Зиядос Қасымұлы өткен ғасырда 1918 жылы қазіргі Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүниеге келген. Әке-шешеден ерте жетім қалып, атасы Байдардың қолында тәрбиеленіп өседі. Балалық шағы жетімдік пен аштықты көріп өседі.

1938 жылы әскер қатарына шақырылып, әскери борышын өтеуге аттанады. Ол кезде әскери борыш мерзімі 3 жыл болған. Брест қаласында мерзімін аяқтаған кезде, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Алғашқы күнгі бомбалаудан, қанды қырғыннан аман қалған әкеміз қысқа офицерлік курстан өтіп, алғы шепке ұрысқа қайта аттанады. Соғыста жүріп аға лейтенант шенін алады. Рота командирі болады. Белгілі жазушы Асқар Лекеров екеуі бір ротада соғысады.

1942 жылы Асқар Лекеровтің жазған «Зиядос Қасымов» деген өлеңі «За Родину» газетінің 40-санында жарық көреді. Сол кісінің «Сөнбейтін жұлдыздар» деген кітабында әкеміздің көрсеткен ерліктері жайлы суреттелген. 1945 жылы Варшава қаласын азат ету кезінде соңғы бесінші рет ауыр жараланып госпитальге түседі. 1946 жылы госпитальден шығып, араға 8 жыл салып, елге оралады. І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені және көптеген медальмен марапатталған.

Елге оралған соң шаруашылықта әртүрлі қызмет атқарады. 1948 жылы анамыз Қаңтарбаева Күләйхан екеуі қосылып шаңырақ көтереді. 1977 жылы сол соғыстың зардаптарынан қалған ескі жаралары асқынып, өмірден өтті. Қазірде өзі тұрған Сарыжаз ауылындағы көше әкеміз Қасымов Зиядос атында аталады. Тыл ардагері анамыз Қаңтарбаева Күләйхан, ол кісіде аштықтың, жетімдіктің тауқіметін бір кісідей көрген адам. Екеуінен тараған ұрпақ қазірде өсіп-өнуде. Сол кісілер көрген сұмдықты келер ұрпақ көрмесе, әрбір атқан бейбіт таңның қадірін біліп өссе екен деймін. Алла елімізге, жалпы жер бетінде екінші ондай қырғын-соғыс болғызбасын.

Авторы: Қасымов Бақытжан Зиядосұлы