Хабар телеарнасы

Петропавлда су астында қалған 120 үйге бағалау жасалды

Петропавлда су астында қалған 120 үйге бағалау жасалды. Тәуелсіз сарапшылар әзірге  судан құрғатылған көшелерде шығын көлемін есептеп жатыр. Бұл аудандарда тасқын салдарын жою жұмыстары да қатар жүргізіледі. Өңірде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде саяжай иелеріне де өтемақы қарастырылады.

Андрей Татаринцев қаланың Ойқала ықшамауданында 30 жылдан бері тұрады. Биыл оның үйін бірінші рет су басты. Есіл өзені терезенің төменгі тұсына дейін көтерілген. Енді шығын көлемін тәуелсіз сарапшылар анықтайды.  

Андрей Татаринцев, қала тұрғыны:
- Мамандар бүлінген мүлікті бағалап кетті. Тұрмыстық техника мен жиһаздарды екінші қабатқа шығарып үлгергем. Ал үйдің ағаш қабырғалары мен едені бұзылған. Енді бәрін қалпына келтіру керек.

Петропавлда бәрінен де осы Ойқала ықшамауданы зардап шекті. Бұл жақта мыңнан аса үй су астында қалды. Қазір қала бойынша тасқынның салдарын жоюға әр ауданнан келген 100 механикалық бригада жұмылдырылған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Тасқыннан кейінгі көрініс осындайміне, Есілдің суы қоршаулардың тас-талқанын шығарған. Ал ана бір жердегі шеткі үй құлайын деп тұр.

Қазір қалада бүлінген мүлікті бағалау басталды. Шығын көлемін 7 компания анықтайды. Жергілікті билік өкілдері зардап шеккен тұрғындарға екі ұсыныс жасайды: суға кеткен үйі тұруға жарамыз деп танылса, не пәтер, не жаңадан салынып жатқан жер үй беріледі. Ал егер жарамды болса, құрылыс материалдары мен жөндеу жұмыстарына өтемақы төленеді.

Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Косогор ауданындағы 8 үй жарамсыз деп танылды. Ол үйлер бойынша тұрғындар пәтерлерді таңдады. Қазіргі кезде сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындар үйдің квадратына байланысты жаңа пәтер алатын болады. Өздерінің қалағандарынша жер үй бола ма, әлде қаладағы пәтер бола ма өздері таңдайды.

Петропавлда тасқаннан зардап шеккен тұрғындарға 500 жер үй салынады. Оған «Қазақстан халқына» қоры мен еліміздің ірі компаниялары қаржы бөлді. Қазір алғашқы 100 үйдің қазығы қағылды.

Майгүл Елемесова, құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:
- Құрылыс жұмыстары шамамен 2-3 айда аяқталуы тиіс. Бір үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрайтын болады. Жалпы Солнечный - 2 шағынауданыны түгел электр, су желілері тартылған. Сол себепті бұл жердегі жұмыстар өте тез және уақыты аяқталады деп күтілуде.

Өңірде әлеуметтік көмектің ережесі өзгертілді. Енді 100 айлық есептік көрсеткіші саяжай иелеріне де қарастырылады. Ал олардың одан басқа тұратын жері болмаса, баспана беріледі. Қазір облыс бойынша біржолғы төлемді 3 мың адам алды. Оны онлайн алу үшін «eGove» қосымшасында арнайы қызмет іске қосылды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Қуаныш Қазбеков