Хабар телеарнасы

Астанадағы №44 орта мектепке Р. Қошқарбаевтың есімі берілді

Биыл Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына - 100 жыл. Жеңіс күні қарсаңында даңқты ердің есімі елордадағы №44 мектепке берілді.

Ерлік – елге мұра. Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың атында мемориалды ескерткіш пен әскери сынып ашылды.

Ләззат Құлтаева, Р.Қошқарбаев атындағы №44 мектеп директоры:
- «Отан үшін отқа түс күймейсің»  деген қазақта мақал бар. Сол сияқты біздің миссиямыз – өскелең ұрпақтарымызды патриоттық тәрбиеге баулу.

Бүгінгі іс-шараға Рақымжан Қошқарбаевтың туыстары да қатысты. Бұл сәтті олар көп күтті. Себебі 62 жыл бойы ер есімін тиісті бағасын алмай келді. «Ал көзі тірісінде сый-құрметке лайық көрмей, ерлігі ескерілмегені өкінішті»,- дейді келіні Қалам Темірова.

Қалам Темірова, Р.Қошқарбаевтың келіні:
- Туды тіккенде қаһарман атын берді ғой. Батырлықты берген жоқ. Бермегені – әкесі Қошқарбайды «кулак» деп, «враг народа» деп атамыздың жерін алып қойғанда, кәрі кісі болған. Жабуға жарамаған. Енді біреуді жабу керек қой. Атасы Қошқарбайды алып кеткен.

Жетім өскен бозбаланың кейінгі тағдыры сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Майдан даласына 1944 жылдың күзінде барды. 150-атқыштар дивизиясында взвод командирі болып, Беларусь пен Польша шайқастарына қатысады. Ал 1945 жылы Берлин түбіндегі майданда болды. Сөйтіп батырға Рейхстагқа ту тігу тапсырмасы жүктеледі. Ол кезде бұл өлімге бас тігумен пара-пар еді. Десе де, кері шегінетін олар жоқ. 

Григорий Булатов екеуі қарша жауған оқтан жау ғимаратына 7 сағат бойы еңбектеп жеткен. Қайсарлық танытқан ерлер дегеніне жетті. Қызыл туды Рейхстагқа тігеді. Бірақ қу саясаттың жоспары басқа еді...

Қанат Еңсенов, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері:
- Егоров пен Кантария ту тікті деп, соларды насихаттаған. Ал шындық тұмшаланған. Шын мәнінде, 30 сәуір 1945 жылы сағат 14:25-те Туды бірінші болып тіккен Г.Булатов пен Р.Қошқарбаев болатын. Ал М.Егоров пен М.Кантария түнгі сағат 22:30-да тіккен. Міне, айырмашылық қандай.

Рақымжан Қошқарбаев көзі тірісінде ерлігін айтып, жария қылмаған. Содан тарих барынша бұрмаланып, ерлігі ескерілмей келді. Ол өмірден өткеннен кейін араға тек 11 жыл салып, батырға «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Маржан Нұрмағанбетова, Р.Қошқарбаевтың немере қарындасы:

- Өмірі айтпайтын. Соғыс туралы сөзді бөліп жіберетін. Соғыс туралы сендер айтпаңдаршы, көрмеңдерші. Сендер білмей-ақ қойыңдаршы деп. Мен өзімнің патриоттық борышымды орындадым. Маған бұйрық берді. Мен бұйрығымды орындадым.

Ерлік ескерусіз қалмады. ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені енді Рақымжан Қошқарбаев есімімен берілетін болды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде капитан дәрежесінде болғандықтан, оның әскери шеніне қарай тағайындалған награда енді тарихи әділдікті қалпына келтіруге жасалған маңызды қадам болмақ.

Дана Әлиева, Айбын Құсанбеков